25/12/2021 22:40

Әшімнің «Кеңесі»


Әшімнің «Кеңесі»
192 Көру

Ардаби Мәулетұлының орындауында

Өскемендегі конкурста Шығыс өңірінің арыдан қазірге дейінгі халық композиторларының шығармалары толығымен қамтылыпты. Солардың ішінде қазіргі Шыңжаң жеріне, тіпті, күллі қазаққа танымал Әшім Дүңшіұлының «Кеңес» күйі де сахнада орындалды. Мен бұл күйді Әшімнің көзін көріп, қолынан үйренген Шыңжаң өлкесі Іле қазақ автономиялы облысының орталығы Құлжа қаласында тұратын 90-нан асқан абыз күйші Камал Мақайұлының өз қолынан үйренгем. Таласбек ағадан күй үйреніп жүрген күндердің бірінде осы күйді тартып бердім. Ол кісі күрсініп  біраз үнсіз отырды да:

 – Не деген сүйекті, не деген асқақ күй еді, ой, Алла! Осы уақытқа дейін неге естімегенбіз, бұны сен қайдан үйрендің? – деп сұрады.

– Камал Мақай деген кісіден.

 – Ол кісі қазір тірі ме?

– Иа, Шыңжаң өлкесі, Іле қазақ автономиялы облысының орталығы Құлжа қаласында тұрады.  

– Е, е, Іле бойының күйшісі де, ордалы күйші екен, жарықтық – деп үлкен ілтипат білдірді.

Шығыстағы сол конкурста Талас аға қазылар алқасының мүшесі болумен бірге, жиналған жас өнерпаздарға шеберлік дәріс берді. Осы ортадан кейін біздің арамызда шынайы ұстаз бен шәкірттік қарым-қатынас басталды. Әр апта сайын бірнеше рет барып үйреніп тұрдым.

Құрметті оқырман, естеріңізде болса, Талас ағаның 1989 жылы «Жұлдыз» журналының №5 санында «Домбыраға тіл бітсе» деген мақаласы жарияланған. Домбыра мойнындағы ұмыт болған пернелердің қазақша атаулары және олардың дыбыс шығару әдістері сонда айқын жазылған. Осы мақалада айтылған күй тарту өнерінің байырғы үлгілерін Талас ағаның қолынан көріп, көп қайталап, сол қол перне басатын саусақтарымды зорға қалыптастыра бастадым. Талас ағамыз көзін көрген далалық дәстүрдің өкілдері, қазіргі домбыра үйрену бағдарламасына жат көрінетін, байырғы қазақы дыбыстарды неткен шеберлікпен алады десеңізші.

«Бөкен жарғақтан» кейін естіген адамға жеңіл, бірақ шын мәнінде зер салып үйренген адамға аса қиын перне басу әдісімен тартылатын әйгілі «Ағаш аттың» төрт тарауын үйрендім. Осы «Ағаш ат» күйінің бірінші тарауында бір қағыспен 3 нотаны, яғни, 3 дыбысты қатар алатын әдіс кездеседі. Әсірелеп айтты демеңіз, алғаш үйрене бастағанымда саусағым сынып қала жаздады. Бірақ Такең тартқанда қазақы мәнерді бойына әбден сіңірген саусақтары әр перне сайын дөңгеленіп отырушы еді. Күйші-домбырашылар біледі, Таласбек ағамыздың жеткізуіндегі Тәттімбеттің «Мол Қара» деген күйі бар. Осы күй орындала бастағанда астыңғы ішек «ми», «фа», «соль» дыбыстары арқылы жүретін тамаша буыны бар. Осы жерде тыңдаушының ындынын құртып, әттеген-ай дегізетін бір тылым дыбыс естіледі. Мен ол дыбысты Таласбек ағаның қолынан көргеніме дейінгі домбырашылардан, астыңғы «ми» мен «фа» дыбысының ортасындағы қашаған пернені алу әдісі арқылы тартылатынын көрдім. Сол әдісті менде дұрыс деп жүргем. Ал шынтуайтында Таласбек аға ол дыбысты «ми» мен «фа» дыбысының ортасындағы қашаған пернеден емес, «фа» мен «фадиез» дыбысының арасындағы қашаған пернеден алады екен. Әрине бұл дыбысты есту түйсігі барынша дамыған, зерделі музыкант қана ести алады.

Ардаби Мәулетұлыкүйші-зерттеуші

 келу қайнары: dalanews.kz