25/12/2021 22:24

«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН ТАРИХИ ЖЫР НҮПТЕБЕКТІҢ АСЫ


«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН  ТАРИХИ ЖЫР  НҮПТЕБЕКТІҢ АСЫ
199 Көру

Сөйлейін аз әңгіме қызық кептен,

Палуан, батыр, не байлар өтіп кеткен.

Ханзада, хан тұқымы падиша да,

Біткен соң уақыт күні солар да өткен.

Тұсында асып-тасып дәурендеген,

Әлемге жаман аты білінбеген.

Сөйлейін біразырақ хикаядан,

Қызыл тіл, қаусырма жақ сүрінбеген.

Қолда қалам, бес саусақ жорғаласа,

10. Жел сөзге Құдай берген ерінбегем.

Кешегі өтіп кеткен замандарда,

Күнестен бір бай шыққан дүрілдеген.

Ол байдың туысы көп, дәулеті асқан,

Белдімен не секілді жағаласқан.

Болыс, манфаң, аға, інісі бәрі мықты,

Аузынан сөйлегенде отын шашқан.

Еш адам қаһарланса қарсы келмес,

Аты зор атасының әуел бастан.

Атақты бай, дәулетті болғандықтан,

20. Олардың содан бері даңқы асқан.

Күнеске малы сыймай, құртша қайнап,

Жылқысы он екі мың Жұлдыз асқан.

Күнестің екі бетін қойлары алып,

Көрген жан: “неткен бай” деп таңырқасқан.

Сиыры Қарабура отар барып,

Жұт болса жұтамайды бұзылса аспан.

Малдары одан асып Нылқы барып,

Қыстауды алушы еді сонау қастан.

Түйесі Қарабура қорымында,

30. Көшкенде атан түйе зорығуда.

Қыс болса жолаушылар қорқушы еді:

“Сақта, – деп, – бурасына жолығуға”.

Бес төбе, Қарабура, Сарымсақты,

Мекендеп отыратын ауылы да.

Жер сауырын ел сауыры алушы еді,

Бүтін ел осылардың қауымында.

Әкесі Нүптебектің Сасан болыс

Айналған бүкіл қызай сауырына.

Сасанның балалары бәрі болыс,

40. Тартады бүкіл елді бауырына.

Ақ үйлер шағаладай оюлы, әсем,

Әтір май үйге иіс жағылуда.

Тіреулі алты бақан сырлы, ойма,

Қыздары кәмшат бөрік, сұлу тұлға.

Шолпысы иығынан жерге түсіп,

Қолаң шаш ұқсайтындай қызыл нұрға.

Түйреуіш, жеңгелері теңге тағып,

Жақұттай жарқырайды шықса қырға.

Шылауыш, кимешектер тым кестелі,

50. Аяғын әзер басар оң мен солға.

Кигені ноқа шапан бейне құндыз,

Сол күндер қосылатын ойын, дуға!

Нүптебек Телқараға зауыт салған,

Кім бұны ойлап бұрын есіне алған?!

Зауыттан іркес-тіркес мәскеп шығып,

Бір жылда неше мың сом пайда қылған.

Опайке, құрым шықты сонда көктеп,

Қыс кезі, соғым тері алды көп-көп.

Жаз болса ірі қара терісі деп,

60. Алатын ел аралап тағы ептеп.

Қой тері, ешкі тері қалмайтұғын,

“Шығар, – деп, – құрым шапан және етік”,

Өнерлі неше жерден шебері бар,

Біреуі біреуінің ісін зерттеп.

Етікші, машинашы, ағашшы көп,

Адам жоқ айтатұғын оған “тек!” деп.

Әр жерде магазині тағы да бар,

Әртүрлі асыл бұйым қойған тіктеп.

Несие малға сатып саудагері,

70. Бақалшы қоржындарын нығап, кептеп.

Темекі, әтір, сабын, ине, тебен,

Бақалшы ел аралап жүгін жүктеп.

Жиятын шабарманы несиені,

Жаз болса ала қағаз – дәптер түптеп.

Жолығып несиелі: “Кімсің?” десе,

Айтады: “Пұл иесі Нүптебек” деп.

Бұл байдың енді жазам ауылдарын,

Ағайын, бірге туған бауырларын.

Сыйынып өтіп кеткен әруақтарға,

80. Толықтап, өткен істен жаңылмайын.

Сасанның бәйбішесі төрт ұл тапқан,

Бай болды төртеуі де бала жастан.

Мансабын әкесінің Қасеке алып,

Қасеке өліп, Тергеусіз жарлық шашқан.

Баласы Тергеусіздің Мақсұт болыс,

Қалиакбар үшеуі бірге туыс.

Сасанның тоқалынан үшеу екен –

Нүптебек, Жайырбек, Еркіш болыс.

Әркімге бақ қонса егер оңай екен,

90. Бақ тайса Қызыр қашып, соғады екен.

Армансыз бұл жалғаннан өткен бар ма?!

Дүние аума-төкпе солай екен.

Ұрпағы ақырында не боп кетті?

Бұл дүние солардан да өтіп кетті.

Азырақ Нүптебектен сөз сөйлейін,

Құлақ сап, естігендер, тыңда кепті.

Нүптебек елден асқан бай болыпты,

Кемтіксіз төрт түлігі сай болыпты,

Қызы екен Құдайменде бәйбішесі,

100. Қаламқас Қазине деп жары бопты.

Мұнан соң екі қатын тағы да алған,

Өтті ғой солардан да мына жалған.

Біреу бай, біреу батыр болғанменен,

Осындай қайсібірі сөз боп қалған.

Кейбіреу бай-патша болғанменен,

Зар болып бір нәресте қылар арман.

Біреуге бақ берсе де бас бермейді,

Ең қызық арт жағында ұрпақ қалған.

Жиырма бірінші жыл сол Нүптебек,

110. Жалғаннан бақи жайға дүние салған.

Ауырып төртінші айда Бестөбеде,

Дариға-ай, ойлап бір іс ойына алған.

Малдан зекет, қолдан қайыр берейін деп,

Жиып ап барлық елге ақыл салған.

Жүріпті қапы қалып, дүние қуып,

Жетіпті ажал рақымсыз міне жалған.

“Жетім, жесір, ғаріпті жиып бер”, – деп,

Болысбек Имамақынды қасына алған:

– Жатырмын бұл дүниеден көңіл қалып,

120. Басымнан өтер ме екен қайран заман.

Айтайын иман, арыз тілім келсе,

Молдеке, жақын отыр бері таман.

Берейін малдан зекет, қайырымды,

Бұл сөзім ұнайды ғой, молда, саған.

Болысбек сонда отырып берді жауап:

“Болысым, махшар күні болар сауап.

Малың көп, қазынаң көп, байлық мынау,

Шақырып аш, арыққа қолдан тарат.

“Сауда бер садақаны” деген сөз бар,

130. Жатырсың-ақ қиылып, жаның аяп” –

Дегенде төрт тай мата алғызып кеп,

Нашарға үлестірді бірден санап.

Жүз қойға бірден қойды есеп қылып,

Жылқы, сиыр, қой берді оған жанап.

Ажал келсе дүние бекер екен,

Қалған жоқ еткен қайыр арашалап.

Дүниеден өтіп кетті солар дағы,

Қылса да қанша қайыр жанын аяп.

Тура келсе дүниеге қарамайды,

140. Жан үшін көрген емес малын аяп.

Ақыры бұйрықты күн біткеннен соң,

Жөнелді іштен оқып қанша аят!

Жылады аға, іні, баласы да,

Жыртылған соң шапанның жағасы да.

Ойланып біраз олар отырды да,

Бегімбет хабар айтты баласына.

“Нүптебек қайтыс болды” дегеннен соң,

Естіген түгел келді, баласы да.

Бестөбе төбесіне жиылған жұрт,

150. Қаптады құмырсқадай арасына.

Біреуге біреу тоқтау айтып жатыр,

Біреу келіп, біреулер қайтып жатыр.

Тоқтатып жылағанды кейбір жүйрік:

“Алланың бұйрығы, – деп, – әуел ақыр”.

Дүйім жұрт естіген соң жиылды көп,

Махсұтқа тоқтау айтты Бататар кеп:

“Кеудеден жан кеткен соң тірілмейді

Одан да барлық жұртты хабарла!” деп.

Содан соң хабар кетті төңірекке,

160. Хат жазып кісі кетті айтып көпке.

“Марқұмның үшінші күн намазы” деп,

Алыста құда-жегжат кетіп шетке.

Тосты елді хабар айтқан екі күндей,

Естілді өлген хабар соққан желдей.

Күндіз-түн тыным алмай келіп жатты,

Кейбіреу әрең жетті аты желмей.

Келіпті хабар естіп қасқа-жайсаң,

Ішінде шалдар да жүр маң-маң басқан.

Алды-артын тосып елдің, жақсыларын,

170. Сүйекті шығаруға ақылдасқан.

“Сүйекке отыз адам түссін десті,

Деседі қазынасы елден асқан”.

Кейбірі: “Елу адам түссін дейді,

Бай бар ма дәулеті зор мұнан асқан.”

Хатшылар қағаз, қалам қолға алады,

Қаламы дамыл таппай жорғалады.

“Алдына құндыз ішік, арты шапан,

Болсын” – деп отыз адам доғарады.

Отызы әр рудан түсті санап,

180. Отырған барлық адам көрді қарап.

Көтертіп Сатыбалды алып келді,

Он ішік, он бес шапан кілемге орап.

Елу жылқы, елу сиыр, екі жүз қой,

Беруге бідияға қойды қамап.

Жігіттер шұрқыратып айдап келді,

Қалмаған Нүптебектің малын аяп.

Молдалар Кәлам Шәріп, аят оқып,

Болған соң әкетісті малды талап.

Жерледі Бестөбеге Нүптебекті,

190. Ханзада – артық десіп қаракөкті.

Жалпы жұрт қолдарынан топырақ сап:

“Аман жат, көкжалым!”, – деп қайтып кетті.

Қазақта тап осындай жандар бар ма,

Болғанмен осындай боп арындар ма?!

Болады байлық қандай мұнан артық,

Салдырған неше орынға жаңзылар да.

Көшкенде жүз түйеге тоғанақтап,

Артарлық қант, науат, шайы бар ма?!

Жігіттер жетелейтін көшкен сайын,

200. Теңдейтін алтын, күміс қанша нарға.

Сары жез мұрындығы түйелердің,

Гауһар тас көз орнатқан алтын құйма.

Жүретін әйелдері өз сәнімен,

Желпуіш, қолда шатыр, тегіс жорға.

Ер-тоқым күмістенген – әшекейлі,

Қыздары түгелімен еркек шора.

Еткен жоқ дүние опа соларға да,

Жабылған бір-ақ күнде семіп тұлға.

Жинаған алтын-күміс қайда қалды,

210. Араша бола алмады шыбын жанға.

Естеместің Мақсұтқа айтқаны:

Жетісі Нүптебектің болған күні,

Зиратқа атын ерттеп барған күні

“Ағаңа шын күйінсең, – деді Естемес, –

Ат шаптыр жыл нәзірін берген күні.

Нүптебек қандай еді елге сауыр,

Артында даңқы қалсын болып мұра.

Малдан ал ашуыңды ағаң үшін,

Қайрат ет, сабыр қылып, Мақаң мырза!

Қазақтың ас беретін салт-санасы,

220. Қызайдың ат шаптырған қай баласы?!

Шақырып қазақ, қалмақ, қытайды да,

Ас жөнелт, ол – қазақтың сұңғыласы”.

Дарубай, Тілеуберді, Мазақ болыс,

Бата берді ақсарбасқа кәрі-жасы.

Жиылды бегімбеттің жанаттары,

Дербістің Алпысбайдай саңлақтары.

Кірді кеп Нүптебектің ордасына,

Месқарын маң-маң басқан аяқтары.

Самаурын шай құйылып, қымыз келді,

230. Сары қазы, күріш басып, табақтары.

Молдалар шарт жүгініп құран оқып,

Қирағат құйқылжыды аяттары.

Дастархан жиылған соң тамақ ішіп,

Мақсұттың елге мынау сұхбаттары:

“Ат шаптырам, не дейсің жиылған жұрт,

Нүкеңнің қандай еді санаттары?!”

Қосылды Алпысбай да ұнатқалы,

Қымыз берді Жайырбекті жұбатқалы.

Келген соң сөз бірлікке жиылып жұрт,

240. Байлықтың ақпақ болды бұлақтары.

Естемес сонда тұрып былай деді:

“Жиылар түгелімен қызай, – деді,

Асына ат шаптырған Тойекеден

Даңқыңды асырса екен Құдай”, – деді.

Мақсұттың сөзі:

“Қанеки, олай болса жиылған көп,

Кеңесте елімізден бір ауыл жоқ.

Келмеді шақырсам да басымды иіп,

Ер өліп, өкпе сатар дәнеңе жоқ.

Есбердің қандай іс бар көңілінде,

250. Нүптебек ағасы еді тірлігінде.

Туыс ек игілік-сақау бірге туған,

Жауласқан іс өтпеген өмірінде”.

Болыстар Жайырбекке: “Інім, – деді,

Мақсұттың сөзі бөтен білінбеді.

Бұл іске қатынаспаса туыстарың,

Жұмыстың арты болар қиын, – деді.

Баралық шақыруға екі болыс,

Бұл істі артқа тартпау мұһим”, – деді.

Дарубай Естемеске «жүріңіз» деп,

260. Баруға Есберлерге киінді енді.

Аттанып жүріп кетті Әбікенге,

Мықтысы Әбікеннің өңкей биге.

Үйіне Ұлтуғанның барып түсіп,

Шақырған хабар кетті барлық елге.

“Еліңнің берекесін тілеп келдік,

Барлығың келіңіздер зәңгі үйіне!”

“Келіпті екі болыс” деген сөзді,

Естіді түгел адам бірден-бірге.

Аттанып естіген соң ел келісті,

270. Көрісті сәлемдесіп, қол берісті.

Ұзаққа ұзартпай-ақ сөз аяғын,

Білдірді көпшілікке келген істі.

Сөйледі сонда Есбер басын шұлғып,

Орнынан көтеріліп, сөзін жұлқып:

“Нүптебек өлгенінде қайда қалды,

Адам деп шақырмаған бізді ел қып?!”

Сөз бастап Есбер отыр қудай жайқап,

Сөз бермей жан адамға басын шайқап:

“Өліспей беріспейтін жұмыс бар, – деп –

280. Ойлаңдар, ақылшылар, артын байқап.”

Бір дауды ол осылай бастап отыр,

Артына үлкен қулық тастап отыр.

Он мың қой мойынында қарызы бар,

Қулығы елге мәлім, осы ақыр.

“Кеңеске бара алмаймыз, қайтыңыздар,

Аудармай осы сөзді айтыңыздар.

Қанша айтсаң да біздің ел бара алмайды,

Бармайды, елде қандай ақыңыз бар?!”

Сөз өтпей қайтып кетті екі болыс,

290. Тоқтасын осы араға барған жұмыс,

Көнбеді қанша айтса да Есбер зәңгі,

Кеңеске шақырғаны көпке дұрыс.

“Есберің шайқақтатқан бұл неткен қу,

Сөйлесе тоқтамады бір аққан су.

Сауын жаз, ел хабарла нәзіріңе,

Мықты бол өзіңе-өзің беліңді бу!

Бүлдіріп елдің ішін кете алмайды,

Болады ел болған соң осындай қу.

Шақырдың: “Берекеге келмін!”, – дедің,

300. Көреміз қаптатқанын ол қызыл су.”

Сөйледі Мақсұт сөзін сырғанатпай:

–Жарамас енді отыру хат таратпай.

Қағаз ал, қолдарыңа қалам, сауыт,

Қалмасын хабарсыз ел ат жаратпай.

Естісін Іледегі барлық қазақ,

Қалмасын көңілге алған қытай, қалмақ.

Қалмасын ұйғыр, дүңген келер жылы,

Күнесте Нүптебектің асы болмақ.

Жүз жылқы алдыңғы аттың бас бәйгесі,

310. Жазылған осылайша хат белгісі.

Жүзден қой, жүз опайке онан соңғы, –

Мұндайлы ұлы дүбір ас берілсе,

Келмейді естіген жан қай көргісі.

Бұл асты ел естіді: “Баралық!” –деп,

Тамаша барып сайран салалық, –деп.

Ат қосып бәйгесіне, сойысын жеп,

Олжаны Құдай берсе алалық”, – деп.

Бұл қисса осы арада тұра тұрсын,

Тыңдаушым біразырақ мойын бұйрсын.

320. Кейінгі жалғасынан сөз сөйлейін,

Жамағат қандырарлық құлақ құрышын.

Бұл асқа Мақсұт бекем белін буды,

Әруаққа ақсарбасын айтып сойды.

Кеңесіп жалғастырды оймен ойды.

Олқы деп бас бәйгеге және қосты,

Тағы да жүз былғары, жүзден қойды,

Екінші ат бәйгесін де толықтырып,

Оған да тағы қосты елу қойды.

“Үшінші ат жиырма бестен елу болсын,

330. Қызай, сама, дос-дұшпан көзбен көрсін.

Төртінші ат жүз опайке беріледі,

Ат озып, кім алса да баққа сенсін.

Бесінші ат бір жамбы мен он сиыр деп,

Барлығың естіңіздер отырған көп.

Алтыншы ат бір түйемен тоғыз болсын,

Көпшілік осы айтқаным болар ма дөп!”

Жайырбек көпке салды мына сөзін:

Жиырма бес атқа бәйге берілерін.

Жетінші ат бәйгесіне жеті қара,

340. Аяғы бір ат болып, тоқтатты өзін.

Болыстар бұл сөзді естіп алды қағаз,

Сасанның ел-жұртына көңілі мәз.

Жетінші ай жиырмасы – жайлау үсті,

Ас өтпек Күнес басы – Шапқыда сөз.

Жетінші ай жиырма үші ат шабады,

Тұс-тұсқа аз болмапты тарар қағаз.

Қызай, албан, қырғызға хат тарады,

Жақын тұсқа әрине, тез барады.

Хан уаң Жұлдыздағы торғауытқа,

350. Бұған да шақырылған хат барады.

Текестен қалмақ, шаһар зұрған сұмын,

Қастағы арбын сұмын ал хабарды.

Сарбұлақ, Сайрамдағы шеру елге,

Жіберді бір адамды оған дағы.

Кеңесте Әуелханның өзі де бар,

Самаға жазған хатты өзі алады.

Хат кетті әрбір жерге үзілмеді,

Хабарсыз қалған сыбыс білінбеді.

“Асына Нүптебектің барамыз”, – деп,

360. Ат баптап естіген ел дүрілдеді.

Меймандар шақырылған келе берсін,

Қызығын кейінгі істің көре берсін.

Тез көшті Сасан аулы жайлауына,

Келер деп шақырылған қызай, үйсін.

Дағыты ауызына барып қонды,

Бұл істі көрмеген жан қайдан білсін?!

Естіген бүтін қызай бұл хабарды,

Жаудырды құда-жекжат бата оқырды.

Бата оқып, ат терлетіп келіп жатыр,

370. Адам көп, басып жатты сол ауылды.

Елу үй ауашалап тіккен бөлек,

Сәйгүлік жігіттері жасауылды.

Күтуші жас жігіттер әйелімен,

Лық толып бары сонда ата ұлы.

Ет асып, мейман күтіп сылаңдаған,

Самауыр шәй қайнатып қылаңдаған.

Көтеріп екі-екіден дастарханды,

Бал, шекер, қант, науат, май салынған.

Әр үйге неше жерден бие байлап,

380. Күрсілдеп қара саба тұр құйылған.

Сауыншы жігіттер жүр көнек алып,

Дауысына сауған сүттің жер ұйыған.

Сабадан қымыз құйса тегенеге,

“Үйрек, қаз” шолпылдайды ұшып-қонған.

Шұрқырап қайта сүңгіп саба аузына,

Көрген жан: “Қызық-ай!” деп қайран қалған.

Сырлатып алуан түрлі қаз, үйректі,

Өткен жаз өнершіге ол жасатқан.

Ақ күміс тегенеге қымыз толса,

390. Сары ожау – алтын ескек бұлаңдаған.

Күміс құйма, саптаяқпен қымыз ішіп,

Отырған үлкен-кіші түгел тойған.

Оқырман жалған емес осы сөзім,

Сол кезде он сегізде менің өзім.

Осынау Нүптебектің ас тойында,

Не алуан тамашаны көрді көзім.

Не көрсе сол қызықтан қашпаған күн,

Үш жүз үй асқа тігіп тастаған күн.

Хан уаң бес жүз қолмен келді жетіп,

400. Ас тойы Нүптебектің басталған күн.

Байлатқан үш жүз бие бұған алып,

Жатысты өздерінше ән-күй салып.

Шақыртқан барлық шонжар келген күні,

Күреден тұңлиң келді сырнай шалып.

Мұның да бес жүз әскер қорғаушысы,

Оны да күтіп алды барша халық.

Жігімет Сахардағы ол да келді,

Мойнына палуанның арқан тағып.

Арбын сұмын, зұрған сұмын – бұл да келді,

410. “Қазақша бата оқыр” деп атқа шауып.

Бұлардың палуанына бір үй берді,

Түрлі тағам, күніне бір қой сойып.

Жатқаны мамық төсек, кілем жапқан,

Ұйқыдан бас көтермей, қарны тойып.

Басы бар жылқы астаудай, өңі сұрлы,

Көрген жан бұл палуаннан қылды қауіп.

Осымен палуан қалмақ тұра тұрсын,

Оқушым жалғасына көңіл бөлсін.

Көргенді жас күндері жаздым бүгін,

420. Жазбасам оны ұрпақ қайдан білсін?!

Басталып жерошақтан ат та шапты,

Тамаша ойын болды әр тарапты.

Дара ойын, жорға салған, әскер ойын,

Әр алуан не қызықтар болып жатты.

Әу баста дүркіретіп құнан шапты,

Оразхан құнаны кеп пайда тапты.

Артынан ат шаптырып қанша жүйрік,

Жайырбек Аққұйрығы келіп қапты.

Сонан соң жорға салған ойын болды,

430. Жорғалар келіп жатыр оңды-солды.

Торғауыт жорғалары бәйге бермей,

Сыйлыққа барлығының жаны толды.

Екі әскер көрсетті өнер мұнан кейін,

Әр болыс тосып тұрды өз елдерін.

Би билеп ат бауырынан шыр айналып,

Көрсетті әрбір түрлі қызық-ойын.

Артынан палуан түсті сол арада,

Топтасып әрбір руы өз алдына.

Палуандар ретімен күш көрсетті,

440. Ер жігіт қайраты асқан құр қала ма?!

Палуандар алысқанда,

Арпақ-тұрпақ жұлысқанда,

Бірі ығып, бірі жығып,

Айналды іс қиынға.

Күш жеткені әлсізін,

Көрмей жатыр бұйымға,

Жыққаны мен жығылған,

Санасаңыз жиырма.

Қалмақ жақтан бір адам,

450. Айғай салды бақырып:

“Палуан болса бұл жаққа

Келсін!” – дейді ақырып.

Басы үлкен қазандай,

Ақырады азандай,

Екі қолы шынжырлы,

Сөзі астам, ажалдай!

Қорқытқандай басқаны,

Уыстап топырақ шашады.

Сайқымазақ еткендей,

460. Үдеп-үдеп тасады.

“Палуан болсаң, кел, – дейді,

Көрсетейін мен, – дейді.

Белдесуге шықпасаң,

Бәйгемді әкеп бер, – дейді.

Мойынын бұрап жұламын,

Болса шықсын ер”, – дейді.

Көк бұқадай өкіріп,

Басы-көзі терлейді.

Байлаулы тұр қазықта,

470. Қасына ешкім келмейді.

Көріп тұр елдің данасы,

Үлкені мен баласы.

“Палуан жоқ па шығатын,

Аралап елді қарашы!”

Болыстар жүр аралап,

Палуандар отыр паналап.

Әбілданы көрген соң,

Шақырды Мақсұт аралап.

“Әбілда, келші інім-ай,

480. Кімдікі намыс білдің бе-ай?

Менмендеген палуанды,

Көрмеуші едің бұйымдай.

Мұқтаж етіп анаған,

Қоясың ба күнім-ай!

Шоңсынып тұрған бәлемді,

Ұшыршы бір жұлындай!”

Әбілданы көрген соң,

Қызай, албан жиылды-ай.

Қолын жайып үлкендер,

490. Бата берді шуылдай.

Шешінді сонда Әбілда,

Әруақтарға сыйынды-ай.

Ықыласын сыйлап ел-жұрттың,

Сыбанып жеңін түрінді-ай!

Аппақ қардай денесі,

Тоқпақтай бұлшық жебесі.

Атасы қандай жан екен,

Тапқан қандай енесі?

Киімін шешіп алысты.

500. Ел қозғалмай қалысты.

Бүркелген соң ақ шапан,

Атына Мақсұт жабысты.

Ақ боз ат тұр тік шапшып,

Майданға қарай шабысты.

Жұлқынып тұрған жотада,

Қоршалап алған ортада.

Әбілданы көрген соң,

Әлгі палуан ақырып,

Жұлқынды қазық қопара

510. Екі жігіт жетелеп,

Әкелді оны ортаға.

Шынжырын алып қолынан,

Арқанын алып мойнынан,

Қоя берді жазғанды,

Бақытын сұрап алдынан.

Жетіп келді қасына,

Топырақ шашып басына.

Алпауыттай дәу қара,

Көзін жауып шашы да.

520. Анадай келіп тұрысты.

Толғап мойын бұрысты.

Ызалы көзбен атысып,

Бірін бірі сынасты.

Біріне-бірі жақындап,

Ұстаспай жұдырық ұрысты.

Екі дәу жолбарыстай жұлқыласты,

Тіресіп иықтарын, сүзіп басты.

Тигізбей денесіне қолдарын да,

Қағысып аяқпенен көп алысты.

530. Ұстаспай осылайша алысты кеп,

Жұлқысып арыстандай қағысты кеп.

Әдіс-айла сан алуан істетіп боп,

Бір кезде жұдырықпен соғысты кеп.

Анау ұрды Әбілданың бүйірінен,

Шыққандай болды Әбілда иірімнен.

Әбілда түйіп кетті балық еттен,

Күш кетті сонда дәудің иінінен.

Шап берді мойын түптен оны бұрап,

Әбілда дөңгелетті үйірумен.

540. Көтеріп алып ұрды шарқ еткізіп,

Қарғадай тұйғын тепкен барқ еткізіп.

Кеткендей жерге еніп сонда болды,

Табанын күнге қарай жарқ еткізіп.

Әбілда атып тұрды бір нығарлап,

Жыққанын куәсіне бастан аттап.

Мақсұт жүр қуаныштан “а, құдайлап”,

Жолды алып сыйлығымен қос қабаттап.

Сыйлықты Мақаң тартты ұлықтарға,

Сыйлады мың теңгені берді оларға.

550. Палуанның өз бәйгесі бір ат еді,

Оны алып тапты олжа Әбілда да.

Жылады анау егіліп,

Көзінен жасы төгіліп.

Астамсып келген батырың,

Жүрген екен жаңылып.

Өліктей жатты созылып,

Бетінен ары төгіліп,

“Асқанға тосқан” дегендей,

Ақыры қалды жеңіліп.

560. Жігіметтің сынып атағы,

Ешкіммен болмай шатағы,

Палуанына ыза боп,

Құсаға терең батады.

Қарамай ойын артына,

Міністі тегіс атына.

Жығылғанын ар көріп,

Жөнелді қайтып артына.

Жеңісін Әбілданың көзбен көріп,

Қуанды жиылған жұрт аттай желіп.

570. Тұрпаңнан дар ойыны келген екен,

Ойысты барша халық соған толып.

Бір шанжы қолына алып жүрмек болды,

Шулаған ел ішінде дүрмек болды.

Арқанның биіктігі қырық метр,

Кезді ол сол арқанды оңды-солды.

Шаншылып төбесімен жерге үңілді,

Мынаның өмірінен ел түңілді.

Қарайды күлген елдің күлкісіне,

Жайраңдап оның өзі тым көңілді.

580. “Мұнан ұшса өлді” деп қарап қалды,

Ілініп өкшеменен салақтады.

“Өлмеген несі қалды, енді өлді!” – деп,

Халықтың екі көзі алақтады.

Әлі бар мұның тағы тамашасы,

Қызыл киген, қып-қызыл сақал-шашы.

Қырқылжың, қырма сақал адам екен,

Отыздың іштерінде жас шамасы.

Бір жазым мін таппайсың сүйегінен,

Толқыған күміс шыбық білегінен.

590. Босатып екі қолын жібергенде,

Лып етіп ілінеді иегінен.

Осындай таңғажайып өнер деген,

Қажырлы келеді екен өршілдерден.

Осымен дар ойыны болып тамам,

Кезекке ат бәйгесі сөзі келген.

Ертесі ат шаптырды ойға келіп,

Мақсұтта басқаратын болып ерік.

“Сыйлығы дау-дамайсыз таралсын” – деп,

Ұстады ат бәйгесін Уаң ұлық.

600. “Ат қосып орта жолда жүрмесін”, – деп,

Шығады ат айдауға жігіт қырық.

Жөнелді сәйгүліктер тобын жазбай,

Балалар жарасымды үйрек-қаздай.

Бәйгелер еліреді ала қашып,

Жараған қақтөс болып ала жаздай.

Сол түні таң атқанша жылдай болды,

Жазығы Шалкөденің құмдай болды.

Шұбырған сорабынан санағанда,

Мөлшермен аттың саны мыңдай болды.

610. Жеткенде Мұқамия тоғанына,

Орманды өзен бойы Қоғалыға.

Келеді: “Айда, айда, шу!” ұран салып,

Кей бала аттың сырын ұғады да.

Бақтарын кейбіреулер сынасып жүр,

Кейбіреу: “Ат қайсы?”, – деп сұрасып жүр.

Кейбіреу: “Аман ба екен, балалар?”, – деп,

Кейбірі: “Сақтай көр!”, – деп жыласып жүр.

Бөлініп келе жатыр бір топ қараң,

Келеді топтан озып жалғыз баран.

620. Қарасақ тағы Еркінбек Ақтабаны,

Не қызық өтіп кетті-ау сол бір заман!

Екінші ат көрінеді қылаң болып,

Бексейіттен айқай шықты ұран болып.

Ел қаптап ат көрсетпей қара нөпір,

Шаң қаптап қара түнек тұман болып.

Танылды Нүсіп манфаң бурыл аты,

Осындай болады екен істің сәті.

Бурыл мен Төбелкерге қаптаған ел,

Бексейіттің ұрандаған өңкей қарты.

630. Үшінші, төртінші ат та келіп жетті,

Мұндайда ұран салу елдің салты.

Бесінші ат Жайырбектің Бесқұйрығы,

Болады құдай берсе жол бұйрығы.

“Таласпа Тәңір берсе” деген сөз бар,

Сасанда ылғи саңлақ ат жүйрігі.

Алтыншы ат Әуелханның көк сұр аты,

Бұл дағы бөтен емес – өз жұраты.

Жетінші ат Оразханның Сарқызылы,

Сасанның Оразхан да бір қанаты.

640. Талай ел аты келмей қапаланды,

Қуанып Мақсұт болыс арқаланды.

Беріпті Құдай бұған аямай-ақ,

Бергенін қараңдаршы мал мен бақты.

Жинапты осынша мал, сонша дәулет,

Бәйгеде тағы болды маңдай алды.

Алдыңғы жеті бәйге өзінде қап,

Көре алмай бәйгесіздер іштен жанды.

“Атымыз жерімізде еді күлік,

Әкелдік бұл бәйгеге қанша жүйрік.

650. Мақсұттың тағы бізден асқаны-ай!” – деп,

Нақысбек қапаланды іші күйіп.

Бұл асты жиналған ел көзбен көрген,

Талайдың үміттенген аты өлген.

Бұрлығып талай саңлақ жолда қалып,

Сенімі селге кеткен көптен сенген.

Сексен ат өлді дейді асқа келіп,

Көрмедік мұндай сұмдық жасқа келіп.

Қызыры бұл сасанның оңай емес,

Бақ-дәулет қонғаннан соң басқа келіп.

660. Келген ел өздерінше кеңеседі,

Сасанмен қандай адам теңеседі?

Бәйгені озған аттар үлескен соң,

Қайтуға енді халық жөнеседі.

Ас тарар ақырғы кез келді жуық,

Сыпырып үзік-киіз, ши-туырлық.

Музыка-сырнай тартып шеріктері,

Аттанды елден бұрын тұңлиң ұлық.

Манаптар манаурасты әрең тұрып,

Орнынан жабырласа киім киіп.

670. Қош айтты Нүптебектің қауымына,

Қол алып, кеуде басып, еңсе иіп.

Ас тарап сол күн түсте найза түсті,

Ақ торғын, қара шашақ, үшкір ұшты.

Ақ жайлау әсемденген ақ боз үйден

Жабықтан тұл жиылды төрт бұрышты.

Не қалды? Тіккен үйдің жұрты қалды,

Кемірген сүйек-саяқ иті қалды.

Қан сасып қаралы ауыл көк жайлауы,

Сүреңсіз күңіренген сиқы қалды.

680. Жұлдызға хан уаң да жөнеседі,

Тарихтан бұл айтылған кеңес еді.

Ас беріп шақырған соң келген бұлар,

Болмаса бірін-бірі көрмес еді.

Көрген көз көрген іске қалыс еді,

Бұл аста артта қалса намыс еді.

Сол аста Нүптебектің қыздары айтқан,

Мынау бір қыз-келіншек дауысы еді:

Бисмилла, – деп әуелі,

Бастайын сөздің самалын.

690. Әкемізден айрылып,

Қандай болды-ау заманым?!

Айдын-асқар тауым-ай,

Отырмын құрып амалым.

Жылады деп сөкпе, жұрт,

Алыс-жақын ағайын.

Ханекем көшті бақиға,

Іздесем қайдан табайын?!

Тор жорғаның үстіне,

Алтын кілем жабайын.

700. Әкемді жоқтап ел-жұртым,

Зиратына барайын.

Артыңда қалды шашылып,

Қазына, жиған сарайың.

Оһ, дариға-ай,

Асылым, әке, жасыдым!

Бисмилла сөздің басында,

Еркелеуші ем қасыңда.

Асылдан басқа кигізбей,

Нөкер қостың қасыма.

710. Бақиға көштің, әкем-ай,

Қырық жеті жасыңда.

Жеті атаңнан үзілмей,

Дәулет қонған басыңа.

Жоқтамай қайтіп отырам,

Әкемдей қормал асылға?!

Оһ, дариға-ай,

Әспетті әкем, жас кеттің!

Асылым, әкем, ақылым,

Күйінді алыс-жақының.

720. Дәулет бітіп жасыңда,

Даңқыңды жұрттан асырдың.

Бұйрықты күннің біткені-ай,

Татар дәм мен тұзыңның.

Әкемді бізден айырып,

Қара жер бетін жасырдың.

Мың тоғыз жүз жиырма

Бірінші жыл ғасырдың.

Дариядай аққан көңілім,

Бір-ақ күнде басылдың.

Оһ, дариға-ай,

Айдыным әкем, айрылдым!

Осымен сөз аяғын етем тамам,

Кісендеп, шынжырлаған мынау заман.

Көргеннен көрмеген күн жақсы болсын,

735. Оқыңдар, кейінгі жас, болсаң аман.