26/12/2021 00:50

Іле сипаты


Іле сипаты
197 Көру


Байқасам Іле жердің ортасындай.
Егер де дене болса қолқасындай.
Тауы-алтын ,тасы күміс,ағашы-жез.
Сулары еркек қойдың сорпасындай.

Өлкесі-бәйбішенің денесіндей.
Мұхиттың кеудесі бар кемесіндей.
Барлығын бауырына алып,тұр тербетіп.
Өсірген өз қолымен енесіндей.

Екі тау-екі жақта білегіндей.
Аспанның ағаштары тірегендей.
Бестөбе,Бестамақтар бүйрек,бауыр.
Қатыгез Аралтөбе жүрегіндей.

Іленің басы Күнес жылжып аққан.
Сарқырап құйған бұлақ әр тарапты.
Қасында Шапқы деген бір өзен бар.
Ағыны артығырақ шапқан аттан.

Қас деген сол жағында бір сіңілісі.
Баладай асау мінген,жалбақ қаққан.
Жырғалаң ,Көксу,Текес оң жағында.
Текіртіп мас қалмақтай атқа шапқан.

Қосылып бәрі келіп бір Ілеге.
Аптығын сонда басып,тыным тапқан.
Ыдырап торғын бұлт көк теңізше.
Жер жүзін жасыл ала күліш жапқан.

Егіндік екі жағы мидай дала.
Жері жоқ келімсіз ешбір шала.
Адамның кіндігіндей дәл ортасы.
Құжынап жатқан анау Құлжа қала.

Таңжарық Жолдыұлы