25/12/2021 20:20

ҚЫЗАЙ АНА


ҚЫЗАЙ АНА
408 Көру

Қазақ жерінде өз ізін қалдырып, аты аңызға айналған әйел туралы әңгімені оқырман назарына ұсына отырып, ол ешкімді бей-жай қалдырмайды, олай болса осы әйелдің есімі саналы ұрпағының жадында мәңгі қалады деп сенеміз.

Қызай (Қызайым, Күнбибі) –деректерде Бәйдібек бидің немересі, толығырақ айтар болсақ, Бәйдібек бидің әйелі Нүрила анадан (Домалақ ана) Жарықшақ туған. Жарықшақтан Қызай (Күнбибі) дүниеге келген.

Бірде Қызайдың әкесі аңшылықта жүргенде ауылды жау шауып, бүкіл табынды айдап әкетеді. Тек Қызайдың байлаулы бестісі ғана қалады. Қызай үстіне ер адамның киімін киіп, қолына қару алып, атына мініп, жауды қуа жөнеледі. Жалғыз. Шайқас кезінде жаудың төртеуін атынан аударып түсіреді. Бұны көрген басқалары қаша жөнеледі. Сөйтіп ол табынды қайтарып әкеледі. Бұл - оның тек қыз күніндегі ерліктерінің бірі.

Қызай бой жетіп, Найман еліне келін болып түседі. Ақыл-көркімен жұртқа жағып, төңірегі «Бәйдібектің немере қызы атасы мен әжесіне сай екен!"» - деп сүйсінеді. Осыдан «Күнбүбі» аты бірте-бірте ұмыт болып, келін боп түкен елі оны «Қызай» деп атап кетеді. Қызайдан өрбіген рулы ел де «Қызай» аталады.

Қызайдың келін болып түскен жері Найман ішіндегі іргелі ата − Төлегетайдың (Төлеқытай) елі. Атап айтқанда, Төлегетайдан − Қаракерей, Садыр, Матай, Аталық туса, осылардың ішіндегі Аталық батырдың (Төртуыл Құттыболат деп те айтылады) Шағыр деген баласына Қызай тұрмысқа шығады. Шағыр мен Қызай анадан − Дербіс, Бегімбет, Итемген, Меңіс туып, осылардың ұрпағы кейіннен «Қызай» деп аталатын рулы елге айналған. Тұрмысқа шыққан соң да ол қоғамдық істерге араласуын жалғастырады.

Қызай руының басым көпшілігі Қытайдың Шыңжаң өлкесіне қарасты Іле, Текес алабын мекен етеді. Шежіре дерегінде Қызайларды Шығыс Түркістанға Барлық батырдың бастап барғаны айтылады. ХIХ ғасырдың алғашқы жартысында Шығыс Түркістандағы Қызайлар 16 болыс, 40 мыңдай шаңырақ болыпты.

Наймандардың жерінде Қызай деп аталатын тау бар. Қазақтарда әйел атымен аталған жалғыз ғана тау – осы болса керек.

Ақпарат e-history.kz сайтынан алынды.
Авторы: Дина ИГСАТОВА