26/12/2021 21:00

ТҮРМЕ ХАЛЫ


ТҮРМЕ ХАЛЫ
270 Көру

Сөзімді оқыған жұрт ылғасын да,

Мін бар ма артық- ауыс тұлғасында.

Қан құмар, қара ниет залымдарға

Кіріптар Құдай- пенде қылмасын да.

Ұққанға, сынағанға, естігенге,

Мұңым бар айтатұғын бір басымда.

Шұңқырға адамзаттың түсуі оңай,

Отырмын деме бүгін қыр басында.

Көріңді күні бұрын даярлайды,

Жан ашып, жақын тартқан сырласың да.

Тапсырды өз қолымен сырластарым

Түрмеге қырқыншы жыл басында.

Ұмытып қаламын ба әлдебір күн,

Қызыл тіл осындайда жырласын да.

 

Қараңғы зындан болды тұрақтарым,

Саңырау түк естімей құлақтарым.

Тік тұрды төбе шашым, жаным шошып,

Алғашта естігенде сұрақтарын.

 

Сұрағың өтірік деп мен де айтамын,

Білмесем «жоқ сұраққа» немді айтамын?

Сұраған, қинағанын, қылғандарын,

Әдіптеп ретімен енді айтамын.

 

Түнде кеп екі-үш адам ортаға алып,

Басыңа бітеу қалта жаба салып,

Жетелеп, тұншықтырып, дірілдетіп,

Бір үйге кіргізеді сүйреп барып.

 

Тастайды кірген заман бетіңді ашып,

Отырған төрт-бес адам қаны қашып,

- Қарныңды жарамын,- деп, - айт шыныңды!

Ақырып арыстандай, заһар шашып.

 

- Жүрдің ғой артық сөйлеп кейде, - дейді,

Мынадай сөз аяғын бейнелейді:

- Қазақтың үкіметке қарсылығын,

Жасырмай тәшкіләтті сөйле, - дейді.

 

Жылайсың, зарланасың, жалынасың,

Тер ағып қара суға малынасың.

Болмасаң егер мықты өзіңе-өзің

Пәлеге айықпайтын қалынасың.

 

Білем деп «білмегенді» айта алмайсың,

Сөзіңнен жалған айтсаң қайта алмайсың.

«Өлесің, қиналасың» деген сайын,

Жауырдай ер қажаған қайқаңдайсың.

 

Мың жылап, қарамайды жалынғанға,

Боялып қызыл қанға малынғанға.

Істейтін ісі мынау әуел баста

Қинауға алғашында алынғанда.

 

Тікеңнен тік тұрғызып қойғызады,

Шақырып екі жендет сойғызады.

Аяққа кісен салып, қолға көзір

 Бір жола шыбын жаннан тойғызады.

 

Су бермей, нәр татырмай неше сөтке,

Жабысып шөлден өкпе, бауыр етке.

Еріксіз екі көзден жас парлайды,

Соққанда тас ұлтанмен екі бетке.

 

Көтеріп екі қолдан көкке созып,

Бірінен сұрақшының біреуі озып.

Табанға темір сүмбе сұғылғанда,

Басыңа бір-ақ шығар қаның қозып.

 

Тік тұрып екі аяғың кеткен ісіп,

Тамшылап сарсу ағып жерге түсіп.

Балбырап балтыр етің сасығанда

Секілді қалған жемтік, өлген үсіп.

 

Екі көз ұйқы көрмей іріңдеген,

Ет жүрек ебі кетіп дірілдеген.

Сұрақшы сұры суық, сұрқиялар

Аюдай аузын ашып, гүрілдеген.

 

Қаптаған темірменен кереует бар,

Жіңшке, ортасы ой, жан-жағы тар.

Жатқызып, соған таңып сабағанда,

Еңіреп, даусың шығып, қыласың зар.

 

Үш жерден орындық бар тесіп қойған,

Өткізіп ілмек кендір есіп қойған.

Төрт елі қалыңдығы қамыс қалақ,

Тұжырып екі басын кесіп қойған.

 

Кендірді іліп алып білегіңнен,

Тақтайдың ұшын тіреп жүрегіңнен.

Соққанда алақанға жығыласың

Адасып ақыл, қайрат, тілегіңнен.

 

Деңгелек бір тақтай бар қалың шапқан,

Бетіне қанмен сырлап бояу жаққан.

- Жалаңаш құйрық қойып отыр, - дейді,

Қаратып ұшын өрге шеге қаққан.

 

Көмірге отырғызып ұсақ шағып,

Қан деген май құйрықтан судай ағып.

Үрпіңе ши жүгіртіп боздатқанда,

Шыбын жан шығып кетпей тұрсын нағып!?

 

Адамның жаны кетіп денесінен,

Құйрықты алсаң жұлып шегесінен.

Тәңірге даусың жетіп зарланасың

Тырнақтың ине сұқса көбесінен.

 

Келер деп қашан өлім, қайғы басып,

Тесіліп әр жеріңнен етің сасып.

Кендірмен бақайыңнан байлап алып,

Басыңды салақтатып қояды асып.

 

Қараңғы көр қылады мекеніңді.

Білмейсің есің ауып не екеніңді.

Қояндай қолға түскен шыңғырасың

Шерткенде қысып тұрып екі еніңді.

 

Көтертпей денең ауыр жатқан ұйып,

Суға езіп ашты лазы қылған сұйық,

Кеудеңнен басып тұрып табанымен,

Мұрныңнан жібереді бір-ақ қүйып.

 

Сол кезде ыңыранасың, ышқынасың,

Шықты деп енді жаным қыстығасың.

Мұрныңнан су, көзіңнен жасың заулап

Жөтеліп, түшкіресің, пысқырасың.

 

Қорлықпен сөйтіп өткен қайран өмір,

Жабысып сасық етке тас пен көмір.

Сыртына екі көзің ойнап шығар

Салғанда басыңа әкеп құрсау темір.

 

Нысапсыз, рақымсыз, жүзі қара,

Талқандап ақ етіңе салған жара.

Өлесің шіріп жатып ақыр сонан

Асқынып әлгі жара бара-бара.

 

Кездессең бұл қинауға бірнеше жол,

Ажалға қарсы алдыңнан ашылар жол.

Өмірден өлім артық деп ойлайсың,

Дүниеге деп неше рет қош аман бол.

 

Есепсіз міне осындай өлген жандар,

Бар қазір өлгендерді көмген жандар.

Күз болса неше мыңдай көр даярлап,

Көзімен бәрін істеп көрген жандар.

 

Жетпейді жазда тірі күзді күнге,

Жатқандар суыр сынды кіріп інге.

Болғанда қырық екінші жыл жарымы

Мен бардым гұңфан болып ияңпың шәнге.

 

Айдаса қайда бармас ғұңфан сорлы,

Айтпай-ақ сорлы болар тұр ғой орны.

Ияңпың шан ханзуша сөз шипахана,

Жататын күнәкарләр ауру орны.

 

Ол жерде үш ай тұрдым жұмыс істеп,

Өледі күнде адам төрттеп-бестеп.

Махсұттар өз көзімше сол жерде өлді,

Ішімнен еңіредім, бармақ тістеп.

 

Бір мата шығын қылмай өлгендерге,

Қара дөң апарады көрген жерге.

Шұңқырға жер ошақтай тыға салар,

Дайындап күзде қазып келген жерге.

 

Осындай әлеметтер толып жатыр,

Қайғымен не сарбаздар солып жатыр.

Күніне бір қорадан жүзден өліп,

Өлгендер түрме ішінде толып жатыр.

 

Байқасаң осы өлгеннің көбі түрік,

Қырғынға жолыққандар қарап тұрып.

Қой тұрмақ қоян құрлы бағасы жоқ,

Айтқан сөзін тыңдасаң құлақ түріп.

 

Қорлықпен қор боп өлді нелер сері,

Адамды күйдіретін осы жері.

Жем болды қарға, құзғын, ит пен құсқа

 Елімнің, амал бар ма, есіл ері.

 

Қылығы міне осы бізге қылған,

Қосылып қалың қайғы күнде тыңнан.

Түрмеде тоғыз жылда өлген адам,

Асыпты орта есеппен алпыс мыңнан.

 

Біліңдер ажыратып кім қас, кім дос,

Қарғадан қамалғанның есігі бос.

Үңіліп ішкі сырға көз жіберіп,

Әр істің сабырлықпен ақырын тос.

 

Бізге ұқсас қинамайды өз жынысын,

Өзі жөндеп береді бар жұмысын.

Үй ішіне көрсетіп жұмасына,

Дендерін сау ұстайды, кең тынысын.

 

Оларды аз күн қамап, салады іске,

Кең салардың жұмысы - қалам іске.

Ол секілді отырып жұмыс істеу,

Істеу түгіл кірмейді біздің түске.

 

Істің жөні осылай, туған халқым,

Жалған десе айтқаның көпке салсын.

Өзі қандай, бұларға өзге қандай,

Тең ойлап, тексеріп, тапшы парқын.

 

Өлемін деп қорқып жүр өлмегендер,

Бармағын есебі жоқ тістегендер.

Кетейін аз көрсете осы жерде,

Қайтып жүр ғұңфаң болып істегендер.

 

Алып шығып жұмысын істетеді,

Аһ ұрғызып бармағын тістетеді.

Дәретхана дәретін тазалатып,

Өмір өтіп осымен, күш кетеді.

 

Он ғұңфаңға бір қарға бастығы бар,

Ұратын қылдан тайсаң қастығы бар.

Сасық үй, сабан төсек, бит пен бүрге,

Көк кірпіштен басыңда жастығы бар.

 

Айдайды таң сәріден айғай салып,

Қолына алты қырлы палақ алып.

Кісен сап, ұрып-соғып істетеді,

Кешіксең жарты минут кейін қалып.

 

Жер қазып, кірпіш құйып, лай жасап,

Шөп шайнап, су сіміріп, моманы асап.

Жазғырып, жан ашу жоқ, жарамын деп,

Пышағын жалаңдатат адам-қасап.

 

Тас тасып, зілдей зәмбіл көтересің,

Әл құрып, дәрмен қалмай, кетер есің.

Жүректі қыжылдатып жүгері нан,

Бір басып, екі ышқынып жөтелесің.

 

Табаның, қол ойылып іріңдеген,

Бес баттам денең ауыр кіріңменен.

Қылыш қыры, найзаның ұшындасың,

Жүзіндей ұстараның дірілдеген.

 

Шықпаған құр сүлдері шыбын жандар,

Буынды ісік шалған, қайда қан бар.

Әр бөлек ағашшысы, теміршісі,

Етікші, шапан тіккен, тон мен шалбар.

 

Қазанның не мырзалар қасында жүр,

Қарғаның екі көзі асында жүр.

Қазаннан қаймақ алып жемейтіндер,

Момының күл-көмеш боп басында жүр.

 

Мұндайда кім сұрамақ халдеріңді,

Бәрі де болып жүрер албарынды.

 

Серілер етігіне біз сұқпайтын,

Күніне үштен тікті шалбарыңды.

Әкеліп басқа жерден киім баулап,

Түсіп тұр пайда деген, ақша саулап.

 

Пайдасын сен істейсің, қарға жейді,

Күн қайда алатұғын оны даулап.

Атындай арбакештің арқаң жауыр,

Қайғы бар қара түнек басыңда ауыр.

Еріксіз еңіреп кеп етпеттейсің,

Ел-жұртың еске түсіп, аға-бауыр.

 

Күнде өліп, көзің көріп жатқандарды,

Қасірет, қайғы дәмін татқандарды.

Елестетер өлім көзге ертелі-кеш,

Түн болса тағы сезіп атқандарды.

 

Сенбейді ауырсаң да алдайсың деп,

Ғұңфанның қатарынан қалмайсың деп.

Өмірге бұл секілді қарғыс айтып,

Бұл ауыр тағдырыңа зарлайсың кеп.

 

Әлсіреп, доктыр келер өлер халде,

Белгісіз бар ма, жоқ па өмір алда.

Істеп жүр кейіп-налып ауыр жұмыс,

Селкілдеп сексендегі кәрі шал да.

 

Қырылып бір шетінен жатыр өліп,

Жүректің оны көріп оты сөніп.

Қарғалар қарық болар тойып қанға,

Тірісі өлгендерді келер көміп.

 

Не байлар тілемші боп нан тіледі,

Қаңғырып баста ерік жоқ тентіреді.

Мынадай амалдар мен кейбіреуді,

Әдейлеп алып шығып өлтіреді.

 

Адамды өлтіретін әдей қастап,

Киімін шешіп алып жалаңаштап,

Арнаулы екі ауызды сұмдық үй бар,

Сұрақ деп әкеледі соған бастап.

 

Оңаша екі ауызда, екі-ақ есік,

Жері бар айқасатын түбі тесік.

Кірерде сол тесіктен тосып тұрып,

Алады қылшпенен басын кесіп.

 

Тірідей кейбіреуге найза салып,

Артына екі қолын байлап алып,

Сұққылап, сүйреп жүріп өлтіреді,

Шыңғырып, қарамайды жатса талып.

 

Кесілген кейде қол мен санын көріп,

Қырғындап, киіз жапқан ылғи өлік.

Адамның ішек-қарны шұбатылып,

Қаламыз кейде жатқан басын көріп.

 

Он метр, жеті метр зынданы бар,

Төстіктей қақтайтығұн «құмданы» бар.

Сол жерде аштан өліп, сасып қалған,

Адамды тазалаған мұнда біз бар.

 

Адамды міне өстіп өлтіреді,

Шақырып жендеттерін келтіреді.

Осындай сұмдықпенен өліп жатқан,

Кісінің бәрі Отанның бел тірегі.

 

Қан ішіп қарға-құзғын қылмыңдайды,

Май тамып беттерінен жылмыңдайды.

Қаланың шет жағынан ұра қазып,

Апарып неше жерден қырғындайды.

 

Тұрғанда амалың не бағың азып,

Қоя алмай өлгендерді қолдан қазып.

Қорлықпен өлді осылай туыстарың,

Кетейін білгенімше атын жазып:

Іледен Махсұт пенен Айса төре,

Қожабек, Қами кетті оны көре.

Еменбай уаң Қадыр, Сисар, Тастан,

Бастығы Абылаев, Сұлтан төре.

Байбатша - Ыбырайым, Жайнақов пен,

Жөнелді Сағатбектер соңына ере.

 

Тұрдақын, Зәкіржан мен Әкім қожа,

Дамолда, Жәлел, Нұртай кеткен оза.

Шыңдали, Әбілмәжін, Ахметбек

Ажалға ұмтылғандар қолын соза.

 

Шәуешектен Қанағат, Әлімғазы,

Нұртаза, Қазез кетті келер жазы.

Алтайдан Шақаң, Мәңкей, Ақыт қажы,

Бұқат бейсі, Зия мен Қалел тайжы.

 

Үрімжіден кетті Әбеу, тиңжаң Жүніс,

Қожанияз, Баймолла бәрі бір іс.

Жүніс қажы, Сатархан, Мұқаш пенен

Қош айтысты дүниеге - бітті жұмыс.

 

Тағы өлді Қажен мен Қалиакбар,

Жолығып сергелдеңге қайтқан бақтар.

Барлығы осылардың қинауда өлді,

Бір келмей қош айтуға тіл мен жақтар.

 

Дамолла - алты шәрден кетті сауыт,

Кетіпті Әмет туанжаң қаза тауып.

Күнікей, құрбан Сайди, құрбан Нияз,

Қылышпен шейіт қылды басын шауып.

 

Баркөлден Құдабай мен Қайбар, Қайып,

Зейнолла, Ермекбайға тағып айып.

Басына қылыш ұрып, қанжар сұғып,

Мезгілсіз дүниеден кетті тайып.

 

Бұларды жерге бөліп бөлшектедім,

Боламыз бізде осындай өлсек дедім.

Осылар ел бастығы, бәрі манап,

Басты кып мыңнан бірін көрсеткенім.

 

Бәрі өлді Үрімжінің қаласында,

Қырық екі, қырық үшінші жыл арасында.

Қорлықпен сол сарбаздар кетті арманда,

Баланың қалды бұл кек баласына.

 

Залымдар міне осылай ойран салды,

Қаратып бір өзіне дүние-малды.

Құсайын мен Шаншовты ұстағанда,

Теңінен елу пұттай алтын алды.

Қойын сексен қора бұлғыншының,

Қаңырап кең өрісі иен қалды.

 

Есеп жоқ жылқы, сиыр, түйесінде,

Өлтірді малын алып, иесін де.

Жаратқан қай уақытта көрсетерсің,

Дубанға осылардың киесін де.

 

Бұл сөздің жаңа кірдік қызығына,

Тәтті жер майлы, дәмді тұздығына.

Кім алды, кім алдырды, қайда апарды?

Сәп салсын сөздің осы сұмдығына.

 

Бір күні жаңадан бір жуши келді,

Түрмені тексерген боп жымси келді.

«Бұл өзі әділсіздік жұмыс екен,

Барлығын түзетем» деп қыңси келді.

 

Ұзамай қолдарына қағаз беріп,

Шығарды айтқанындай бір мұнша елді.

Қуандық жолықтық деп жанашырға,

Болмадық түсінгендей арғы сырға.

Өңім бе, не болмаса түсім бе деп,

Солардың мен де шықтым арасында.

 

Бұл сырды кейін білдік арбау екен,

Халықты емес дубанды қорғау екен.

Шоқыған қарға қашан қарға көзін,

Осымен аңқау елді алдау екен.

 

Жылаған, тыңдаған боп боздағанын,

Талайын мансапты қып бозбаланың.

Басу үшін жасаған айласы екен,

Ілеменен алтайдың қозғалғанын.

 

Неше жыл жатқан жандар көрмей жарық,

Жушиға қалдық сөйтіп бір алданып.

Ес кетіп басы айналған біз сорлылар,

Алғашта сене қаппыз білмей налып.

 

Өзгертті дубан сөйтіп қақпан торын,

Оңдасын құдай өзі істің соңын.

Таратқан демалысқа оқушыдай,

Шақырды және керексің деп бір күн.

 

Отыздан, жиырмадан тасып жатыр,

Арбаға, дағарға сап басып жатыр.

Шыңғыртып, шыжылдатып, шырмап байлап,

Аспаққа аяғынан асып жатыр.

 

Ақырын шыныңды айт деп жатыр қыстап,

Отқа қақтап, суға сап түтінге ыстап.

Айтпасам да белгілі болған шығар,

Әкелген бір күндері мені де ұстап.

 

Апарды сұрағына ертеңінде,

Жөтелтіп тұмауменен зертеңі де.

Қырмандап он бір үйді жатыр екен,

Қараңдар қарға байдың тентегіне.

 

Ыңыранған әр бір үйден үн шығады,

Аузын баса булығып тұншығады.

Сүлдері қалып өлуге таяғанда,

Енді түссе таяққа жан шығады.

 

Бурадай сұракшылар сақылдатып,

Бақыртып соғып жатыр шақылдатып.

Там тесіп ия немесе отын жарып,

Ұстадай темір соққан тақылдатып.

 

Ағашқа қол-аяқты таңып тастап,

Мені де ұрып жатыр сапылдатып,

Еріксіз езілгендер жасы жосып,

Шықпай жүр шырмалғандар қырсық тосып.

Біткенде әбден сұрақ - екі айдан соң,

Қамады төрттен-бестен басты қосып.

 

Тыңшыны бір адамға үштен қойып,

Жалақшы жүр талқандап, ортаны ойып.

Бас қосса екі кісі біткенің сол,

Кетеді не айттың деп қырып-жойып.

 

Өлсек жүрек отаннан суытпаймыз,

Сатқындарды араға жуытпаймыз.

Өзара күңкілдесіп ала қойып,

Тымпиып оны көрсек, түк ұқпаймыз.

 

Өлсек те өлмес біздің атағымыз,

Белгілі істеп түскен шатағымыз.

Алыстан алтын сәуле бір күлімдер,

Болғанмен қазыр түнек жатағымыз.

Алатын құнды қуып иеміз бар,

Бізде елміз шөберелі, аталымыз.

 

Зұлымға рас қарсы тұрғанымыз,

Ол да шын құпия ұйым құрғанымыз.

Кекпенен қолымызға құрал алып,

Желкеден Гөминдаңды ұрмағымыз.

 

Қашанда теңдік алмай тұра алмаймыз,

Бұл ойды басқа жаққа бұра алмаймыз.

Арман жоқ отан үшін өліп кетсек,

Енді біз қорлық көріп жүре алмаймыз.

 

Бәрі қан Үрімжінің айналасы,

Ескі там, ұңғыл-шұңғыл, сай-саласы.

Ішегін ит сүйрелеп өлген жанның,

Құс шоқып, домаланып жатыр басы.

Халықтың соның бірі адам ұлы,

Мысалы Шәріпхандай жұрт ағасы.

 

Келсеңдер Үрімжінің қаласына,

Көзің сал қалтарыс сай-саласына.

Ұмытпа өле-өлгенше осыны деп,

Тапсырып кет балаңның баласына!

 

Көргенін атасының оқып көрсін,

Кектеніп, көзін салып, көңіл бөлсін.

Бабамның тарихы деп табын танып,

Залымнан кегін алып, қолында өлсін!

 

Адам боп жаралған соң, жанды туып,

Шығалық тәуекелге белді буып.

Міне осы артқыларға берген белгім,

Алсын деп атасының құнын қуып.

 

Қайғымен қабырғамды қапсырамын,

Қағазға арманымды жапсырамын.

Сауысқан, қарға-құзғын, бәрі дұшпан,

Артқыға соны ұқсын деп тапсырамын.

 

Келеді түн орнына жарық сәуле,

Сенемін, емес мұным бекер әуре.

Сөзімнің түбін ойла енді, елім,

Қолыңа осы сөзім тисе зәуде.

(1945 жыл, Үрімжі түрмесі)